Шымкент мейрамханасындағы атысқа қатысты сот шешімі шықты
Атыс салдарынан бір адам қайтыс болып, тағы бір адам ауыр жараланған болатын

Шымкент қаласындағы ауданаралық сот мейрамханада болған атысқа қатысты атышулы іске үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Отырар» телеарнасына сілтеме жасап.
«Айыпталушы Арынов 16 жылға түрме жазасына кесілді, ол сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сотталды.
Тағы бір айыпталушы Әбдіраманов 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 4-бөлімі, 99-бабының 2-бөлімі бойынша кінәлі деп табылды.
Сондай-ақ, айыпталушы Асадов та кінәлі деп табылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бостандығынан айыру жазасын алды», - делінген хабарламада.
Ал төртінші айыпталушы Тәуекеловті әділқазылар алқасы кінәсіз деп танып, ақтап шыққан. Бұл туралы оның қорғаушысы Талғат Есімов Facebook-парақшасында хабарлады.
«Бұл бағытта қорғаушы тарап ауыр әрі көп жұмыс атқарды. Тергеу органына қатысты жеке қаулы шығарылды», - деп жазды адвокат.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, 2020 жылдың 10 тамызында Шымкенттегі кафелердің бірінде болған атыс салдарынан екі адам ауыр жараланып, оның біреуі көп ұзамай қайтыс болған еді. Үш күн өткен, 13 тамыз күні күдіктілер қолға түскен болатын.