ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

Ақтөбеде қылмыстық топ 4 УАЗ көлігін айдап кеткен

Екі күдікті қамауға алынды

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбеде полицейлер УАЗ автокөліктерін айдап әкеткен күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен 2020 жылдың соңында Ақтөбе қаласында УАЗ автокөліктерін айдап әкету деректері орын алды. Полиция бөлімдеріне аталған маркалы автокөліктерді айдап әкету туралы төрт өтініш келіп түскен.

Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар кешенін қолға алып, нәтижесінде күдіктілер анықталып, ұсталды. Көп қабатты үйлердің аулаларында тұрған автокөліктер қаскүнемдердің олжасына айналды, олар әйнектерін сындырып, автокөлікті айдап әкететін болған. Бүгінгі таңда қылмыстық топтың төрт УАЗ-ды ұрлауға қатысы бар-жоғы анықталды.

Ұсталғандардың айтуынша, олар көліктерді аудандар мен көрші облыстарға апарып, сатқан. Бір автокөлік Байғанин ауданында және біреуі Маңғыстау облысында сатылды. Қазіргі уақытта қалған автокөліктердің сатылған жері анықталуда.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Екі күдікті қамауға алынды, біреуі қолхатпен босатылды. Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.