ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

СҚО-да ауылдасы жалғызбасты әйелдің үйін өртеп жіберді

Екеуінің арасында жанжал болған

Солтүстік Қазақстан облысында ауылдастар арасындағы жанжалдан кейін бірі екіншісінің үйін өртеп жіберген. 52 жастағы жалғызбасты әйел баспанасынан айрылып, далада қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 10 мамыр күні тіркелген. Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Қарақоға ауылында болған өрттен қайтыс болғандар жоқ. Иесі танысының үйінде түнеген. Ол полицейлерге жуырда жанжалдасып қалған өзінің ауылдасы қоқан-лоқы көрсетпек болғанын хабарлаған. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өрттің нақты себебін қасақана өртеу екендігін анықтады.

Жедел-іздестіру шаралары барысында бұрын ұрлық жасағаны және өзгеге ауыр дене жарақаттарын келтіргені үшін жазасын өтеп шыққан 42 жастағы жергілікті тұрғынның өртке қатысы бар екені расталды. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы «Бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Ұстау кезінде күдікті мас күйде болған. Ішімдікті асыра пайдалану көбіне адамдарды заң бұзуға итермелейді. Күдіктінің айтуынша, аулада тұрған дивандағы жамылғыны өртеу үшін оттықты пайдаланған. Аталған факті бойынша барлық қажетті сараптамалар тағайындалды, болған оқиғаның мән-жайын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Қайрат Бимендин.

Үй толықтай жанып кеткен. Тілсіз жаудан келген шығын мөлшері есептелуде. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің хабарлауынша, соңғы айда өрт жиілеген. Олардың көпшілігі орман, дала өрті. Құтқару қызметіне 300-ден астам шақырту түскен.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Тегтер: