ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 404 мыңнан асты

Қазандағы қанды қырғында оққа ұшқан мұғалім оқушыны құтқарып қалған

Қаскөйдің қолынан 2 мұғалім және 7 оқушы: үш қыз бен төрт ұл бала қаза тапты

Фото: instagram.com/ignatevaelle

Татарстан астанасы Қазан қаласындағы мектептердің біріне басып кіріп, қарудан оқ жаудырған қаскөй ағылшын тілінің мұғалімі, 25 жастағы Эльвира Игнатьеваны атып өлтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, педагог мамыр айының соңында мектептегі жұмысынан кетуді жоспарлап жүрген екен.  

«Қанды оқиға туралы алғашқы мәліметтер жарияланған кезде би мұғалімі Алина Федоровичеваның көз жұмғаны туралы ақпарат тарады, бірақ шындығында, ол мұғалім аман-есен. Өкінішке қарай, бесінші сыныптарға ағылшын тілінен сабақ беретін Эльвира Игнатьева қаза тапты. Ол дәлізге шыққан бетте оқ тиіп, қайтыс болды», - деп хабарлады оқу мекемесі әкімшілігінің өкілі.

Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, көз жұмған мұғалім оқушыларды құтқаруға ұмтылған екен.   

«Алдын ала деректер бойынша, Игнатьева бір оқушыны құтқарып қалған. Бұл туралы қайғылы оқиға куәгерлері айтты. Қаскөй баланы көздеп ата берген сәтте мұғалім оның жолына бөгет болып тұра қалып, баланы кеудесімен жаба итеріп үлгерген. Игнатьева алған жарақатынан оқиға орнында қаза болды», - дейді құқық қорғау органының өкілі.   

Мектеп сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Игнатьева сол мектепте төрт жылдан бері сабақ беріп келеді, 2018 жылы «Жыл мұғалімі» байқауында екінші орын алған. Ол мектепте қанды қырғын ұйымдастырған Ильназ Галявиев оқу бітірген жылы келген екен, сондықтан оған сабақ беріп үлгермеген.   

Айта кетсек, қайғылы оқиға кезінде №175 гимназиясының екі мұғалімі – біреуі 25 жастағы, ағылшын тілінің мұғалімі Эльвира Игнатьева және оның әріптесі, бастауыш сынып мұғалімі, 55 жастағы Венера Айзатова қаза болды. 

Сондай-ақ, жеті оқушы: үш қыз бен төрт ұл бала қаза тапты:

Амир Ш., 14 жас

Амир В., 15 жас 

Алиса Г., 15 жас 

Зульфия Г., 15 жас

Дамир Г., 14 жас

Амир З., 14 жас

Ильзия Н., 14 жас.

Еске сала кетсек, 11 мамыр күні Қазан қаласындағы №175 мектепке қару асынған адам кіріп, оқушылар мен мұғалімдерге оқ жаудырған. Соңғы мәліметтер бойынша, атыс салдарынан кем дегенде 9 адам қаза тауып, зардап шеккен 16 адам ауруханаға жеткізілген.