ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Ақмола облысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші ұсталды

Жыл басынан бері облыста жаяу жүргіншілер 33 жол апатына себепші болған, 3 адам қаза тапқан

Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Целиноград ауданының ПБ кезекші бөліміне Төңкеріс ауылының тұрғынынан Алтынсарин ауылының маңында жаяу жүргіншіні қағып кеткені туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Зардап шегушінің жағдайы ауыр.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, Екатеринбург – Алматы тас жолының 1241 шақырымында Subaru Forester маркалы автокөлігінің жүргізушісі Алтынсарин ауылының 25 жастағы тұрғынын бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтіп бара жатқан жолақта соғып кеткен.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен адам Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық ауруханаға жатқызылды», - делінген хабарламада.

Аталған факт бойынша тәртіп сақшылары автокөлік жүргізушісіне қатысты ҚР ҚК 345-бабы (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.

Айта кету керек, жыл басынан бері облыс аумағында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 33 жол-көлік апаты болып, 3 адам қаза тапқан. Сондай-ақ 32 адам түрлі дене жарақатын алған. Оның ішінде жаяу жүргіншілердің кінәсінен жеті жол апаты болды.