Павлодар түрмесінде сотталушылар педофилді өлтіріп тастаған
Соққыға жығылған сотталушы медициналық көмекке жүгінбеген және мекеме әкімшілігіне шағым айтпаған
Павлодар облысының ҚАЖ мекемесінде сотталғандардың бірі екіншісін өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 8 мамыр күні болған.
«Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің АП-162/4 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде кісі өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан 44 жастағы сотталушы жанжал нәтижесінде басқа қамаудағы адамға өмірімен үйлеспейтін қасақана дене жарақатын салған», - делінген хабарламада.
Оқиға мекеменің санитарлық торабының ғимаратында кешкі уақытта болған. Зардап шегуші медициналық көмекке және мекеме әкімшілігіне шағымен және өтініштермен жүгінбеген.
«Алған жарақаттарының нәтижесінде сотталған адам 9 мамыр күні жасақтағы өз жатын орнында қайтыс болды. Шұғыл шақырылған жедел жәрдем бригадасы ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігі, 1-тармағы (кәмелетке толмағандарға қатысты зорлау) бойынша жазасын өтеп жатқан адамның қайтыс болғанын анықтады», - делінген ҚАДЖ хабарламасында.
Мән-жайды анықтау мақсатында оқиға орнына тергеу-жедел тобы, прокуратура, өзіндік қауіпсіздік қызметі және ҚАЖ департаментінің өкілдері барды. Сондай-ақ, ұлттық алдын алу тетігінің және қоғамдық бақылау комиссиясының қатысушылары шақырылды.