Басынан таспен ұрды: Түркістанда пышақ ұстаған ер адамның төбелесі видеоға түсіп қалған
Жартылай жалаңаш ер адамның қатыгез әрекеті жұртты шошытты

Әлеуметтік желілерде қолына пышақ ұстаған жартылай жалаңаш ер адамның әлдекімнің соңынан қуып, артынша қарсыласының басына үлкен тас лақтырған видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Түркістан облысында болған. Бейнекадрлардан кеудесы жалаңаш ер адамның қолына үлкен пышақ ұстаған қалпы көше бойымен әлдекімді қуып, жүгіріп бара жатқаны көрінеді. Оның артынан ақ түсті көлік жүріп келеді.
Бір сәтте оның алдынан шыға келген қара киімді ер адам қолын сермей жүгіріп барып, көлікке отырмақшы болады. Алайда оны қуып жүрген ер адам қолына іліккен үлкен таспен (әлде кірпішпен) құлаштай ұрғанда, екінші адам соққының салдарынан жерге құлап түседі. Орнынан тұра алмай қалған оған көлікте отырған екеу шығып араша түсті.
Олар жартылай жалаңаш ер адамды тыныштандыруға ұмтылады. Сол сәтте видео үзіліп қалған.
Түркістан қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері аталған фактінің ҚР Қылмыстық кодексінің «Бұзақылық» бабы бойыша тіркеуге алынғанын мәлімдеді. Жедел іздестіру тобы қажетті шаралар қабылдап, видео кейіпкерін қолға түсірген.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады», - делінген ПД хабарламасында.