Қызылордада жалған ақпарат таратқан әйелге қатысты тергеу басталды
Жоғалған баланың өлімі туралы халықты дүрліктіретін аудиожазба тараған болатын

Қызылордада жалған ақпарат таратқан әйелге қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
29 сәуір күні мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Қызылорда қаласында жоғалған баланың өлімі туралы халықты дүрліктіретін аудиожазба таралған болатын. Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері шындыққа сай келмейтін жалған ақпаратты аудиожазба арқылы таратқан әйел адамды анықтау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ол әйел анықталып, Қызылорда қалалық Полиция басқармасына жеткізілді.
Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызған азаматша кінәсін толықтай мойындап отыр.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес (Көрінеу жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Баптың санкциясы бойынша үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қызылорда облысының Полиция департаменті азаматтарды тек ресми мәліметтерге ғана сүйеніп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарайтын қауесеттер мен жалған ой-пікірлерге құлақ аспауға шақырады.