Алматыда жеті жыл бойы құлдық қамытын киген келіншек әділдік таппай жүр

11 жасынан бері қорлық-зорлықтан көз ашпаған ол көрмеген азабы қалмағанын айтады

 

Жеті жыл бойы құлдық қамытын киіп келген келіншек әділдік таппай жүр. 11 жасында зорланғанын айтқан ол тартқан азабын жеткізіп тауыса алар емес. Ол өзін азаптағандардың заң алдында жазалануын талап етеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Алматылық Рада бар-жоғы 18 жаста. Ол өміріндегі соңғы 6 жылын тозаққа теңейді. Айтуынша, ес біле сала құлдық қамытын киген. 11 жасында анасы мен әжесіне еріп, Өзбекстаннан қоныс аударыпты. Содан бері көрмеген қорлығым қалмады деп еске алады.    

«Қазақстанға келгеннен кейін анам бізді, әжем екеуімізді тастап кетті. Әжем екеуіміз құжатсыз, үйсіз, далада қалдық. Күнімізді көруге тырысып, шұлық сата бастадық. Сол кезде 24 жастағы бейтаныс жігіт бізге көмектесетінін айтып, бірге тұрайық деп үйіне алып барды», - дейді жәбірленуші Рада.

Бірге тұруға жігіттің ата-анасы бастапқыда қарсылық танытқан. Кейін әжесіне күнделікті үй шаруасын, ал кішкентай қызға сырттың жұмысын тапсырыпты.  

«Әжем сол үйдің тазалығына, ал мен 15-20 шақты алабай итке тамақ берумен айналыстым. Сөйтіп жүргенде сол үйдің ұлы – бізді үйіне ертіп барған баласы мені зорлады, ұрып-соқты. Мұрнымды сындырды. Күнде қорлық көрдім, 14 жасымда мен жүкті болып қалдым», - дейді Рада.

Жігіттің әке-шешесі бұл жайтты полиция естімес үшін барын салған көрінеді. Әжесін туыстарының үйіне жіберіп, ал өзіне сес көрсеткенін айтты. Құжатсыз болғандықтан, отбасы мүшелері үйде босандырып алды деп отыр. Екі жылдан кейін екінші нәрестесін дүниеге әкелген. Бірақ шақалақ 3 айдан кейін шетінеп кетіпті. Тек былтыр ғана үйде ешкім жоғын пайдаланып, отбасынан қашып шыққан. Қаладағы көлік жуу орталығына жұмысқа орналасыпты. Ондағылар оның аянышты тағдырын естіп, қоғамдық қорға жүгінуге кеңес берген.

«Жылдың басында Рада біздің қордан көмек сұрап хабарласты. Ол өзін құлдықта ұстаған отбасынан 4 жастағы қызын алып, әрең қашып шыққанын, бірақ қорқынышпен жүргенін айтты. Бұл жерде оны зорлап-қорлаған жігіт қана емес, оның ата-анасы да әділ жазалануы тиіс», - деді қоғамдық қордың директоры Алмат Мұхамеджанов.

Қоғамдық қордың демеуімен Рада құқық қорғау органдарына арыз жазды. Күдікті қазір қамауға алынған. Облыстық Полиция департаменті оған қатысты тергеуді бастап кетті.  

«Отыз бір жастағы күдікті қазір қамауда. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 300-бабы тәртібінде зерделеу және одан ары сотқа жолдану үшін прокуратураға жолданды», - деді Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Қазір Рада қызымен бірге көлік жуу орталығында тұрып жатыр. Жергілікті атқамінерлер оның 4 жастағы қызына туу туралы куәлік жасап берген.

Қайырымды жандардың көмегімен келіншек Өзбекстанға барып, құжаттарын да реттеп алып келген. Әжесін де тауып алыпты. Оның ендігі мақсаты – азаматтық алу. Құлдықта өткен өмірін санадан өшіріп, өмірін жаңа ақ парақтан бастауды көздейді. Ал күдікті кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.