Қордайдағы қақтығыс: Соттар әкімшісінің басшысы 50 адамға қатысты сот шешімін түсіндірді
19 адамға қатысты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 27 сәуірде Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік туралы қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Жамбыл облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов мәлімдеді.
Берік Құлтасовтың айтуынша, 2020 жылдың 7-8 ақпанында Қордай ауданына қарасты Масаншы, Ауқатты және Бұлан батыр ауылдары аумағында жаппай тәртіпсіздік болып, онда зорлық-зомбылық, өртеу, дүние мүлікті қирату, жою, атыс қаруын қолдану сияқты қылмыс тіркелді. Нәтижесінде 11 азамат қаза тапты. 158 азамат пен 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алды. 156 тұрғын үй мен сауда нысандары, 102 көлік құралдары бүлініп, меншік иелеріне келтірілген залал көлемі 829 млн теңгені құраған. Жамбыл облысы Полиция департаментіне тиесілі 10 автокөлік зақымданды. Мемлекетке 3,3 млн теңге көлемінде залал келтірілді.
«Бұған дейін сот үкімімен бұзақылық әрекеттер мен денсаулыққа зиян келтіріп, билік өкіліне қатысты күш қолданғаны, жарылғыш құрылғыларды дайындағаны және сақтағаны үшін 6 адам сотталды. Ал, бүгінгі қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 2020 жылдың 8 желтоқсанынан 2021 жылдың 19 сәуіріне дейін өтті. Оған 2 мемлекеттік айыптаушы, 366 жәбірленуші және 16 жәбірленуші өкілі, 36 адвокат, 10 қорғаушы және 4 аудармашы қатысты. Іс бойынша 51 адам айыпталушы ретінде сотқа беріліп, оның ішінде 33 адам қамауда, 18 адам жеке кепілдік және ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ұсталды. Сотталушыларға ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген айыптар тағылды», - деді Берік Құлтасов.
Іске қатысқан прокурорлар 23 адамға қатысты бас бостандығынан айыру, қалғандарына шартты түрде немесе бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұраған. Ал, жәбірленушілер кісі өлтіргендерді қатаң жазалауды сұрап, басқа қылмыстар бойынша соттың қарауына кешірім берген. 24 сотталушы өз кінәсін толық мойындаса, 10-ы кінәсін ішінара мойындап, 17-сі кінәсін мүлдем мойындамаған.
Сот тиісті дәлелдемелер бойынша 50 адамды кінәлі деп тауып, бір адам кінәсі дәлелденбеуіне қатысты ақтады.
«Сотталушы Ботабасов мылтықпен адамдар тобына дәлдеп оқ атып, нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 4 адам зардап шеккен. Ол жаппай тәртіпсіздікке қатысып, 3 адамның өліміне, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен сотталды. Сотталушы Тоқабаев автокөлікпен қасақана бір топ адамды қағып, нәтижесінде 1 жәбірленуші оқиға орнында қаза тауып, үш жәбірленуші әртүрлі жарақат алды. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Автокөлікпен қасақана адам қағып өлтіргені үшін Карибаев 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы Сұлтанаев бір топ адамға мылтықпен оқ атқан, нәтижесінде 1 адам қаза тапқан. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді Берік Құлтасов.
Облыстық Соттар әкімшісінің басшысы басқа да сотталушыларға қатысты сот шешіміне түсінік берді.