$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.04.2021, 22:51
Оқиғалар

Адам өлімімен аяқталған төбелес: Шымкентте бір топ жасөспірім сотталып кетті

Екі ауылдың жастары қатысқан төбелесте 17 жастағы бозбала қыршынынан қиылған болатын

 

Шымкентте жасөспірімдер арасында адам өлімімен аяқталған төбелеске нүкте қойылды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, алты сотталушыға жаза кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Жасөспірімдер адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан іс әрекет бойынша айыпты деп танылды.

17 жастағы өрімдей жастың өмірін қиған төбелеске қатысқандар – көршілес екі мектептің ұлдары. Барлығы Маятас тұрғын алабында тай-құлындай тебісіп өскен қатарластар. Сотқа тартылған уақытта сотталғандардың төртеуі мектепте, екеуі колледжде оқып жүріпті.

Сотталушылар үкімді онлайн тыңдады. Ең азы алты жылға сотталды. Жәбірленуші тарап оған моральдық- материалдық шығынды өтегені үшін кешірім беріпті. Ал төртеуі 6 жыл 8 айдан арқалады. Ең көп жаза 8 жыл болды. Сот төрағасы істі қарау барысында сотқа тартылғандардың кәмелет жасына толмағаны ескеріліп, жаза мөлшері азайтылғанын дәйек қылды. Десе де, сотталушылар кінәларын толық мойындай қоймапты.  

«Бір сотталушы, яғни кешірім алған соталушы 106-баптың 3-бөлігін толығымен мойындады. Ал қалған бесеуі сот тергеуінде 106-баптың 3-бөлігін мойындаған жоқ, «қатысымыз жоқ» деп жауап берген. Мойындамаған бес сотталушы 293-баптың 2-бөлігін толығымен мойындағанымен, 106-бапты мойындаған жоқ», - деді Шымкент қаласы Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен САЙХАНОВ.

Еске салсақ, марқұм Абзал Өткіровтың өмірін қиған қанды оқиға былтыр мамырдың 22-інен 23-іне қараған түні Маятас ауылының тұсында болған. Басынан қатты зат тиген ол он күндей ауруханада жатып, ес жимастан көз жұмды. Сол төбелесте Абзалмен бірге жарақат алған екі досы сол күні көрші ауылдың балалар сөйлесуге шақырғанын айтқан. Куәгерлер үш адамға жиырмаға тарта жігіттің жабылғанын айтқан еді. Сотқа алтауы тартылды. Алайда берілген жазаны марқұмның бауыры тым жеңіл деп отыр. Үкіммен сотталғандардың туыстары да келіскісі жоқ.

«Біздің көрсеткіштерді жоқ қып жіберген ғой, жоқ қылып жіберген Абылай Ақтөре деген. Әскер Әлихан, Әскер Қалихан құтылып кетті. Төбелесті солар бастаған», - дейді ата-аналардың бірі.

«Бұл жерде мына сот әділетті болд деп ойламаймын. Себебі тергеу болған уақытта да тергеушілер өте көп қателік жіберген. Сот барысында көп нәрсе айтылды. Бірақ оларды неге екенін, судья оны елемеді», - дейді тағы бір ата-ана.

«Үш баланың төбелесінің ішінде ол бала өліп отыр. Біздің балалардың қатысы жоқ. Кінәсіз. Өйткені Әскер Әлихан, Қалихан барып ақша беріп бұлардың бәрін жапты. Біздің дәл сондай ақша беріп шығарып алуға мүмкіндігіміз жоқ, шыны керек. Біздің балаларымыз кінәсіз. Әлі апелляцияға береміз. Мұнымен келіспейміз. Тоқтамаймыз», - дейді келесі бір ата-ана.

Айта кетсек, бұл істе қос мектептің басшылары мен жергілікті полиция өкілдерінің мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Сот оларға шара қолдану туралы қаулы шығарды. Төраға Дәурен Сайханов жасөспірімдер арасындағы кикілжіңді дер кезінде анықтап, алдын алғанда, мұндай қайғылы жағдаймен аяқталмас еді дегенді қосты.

Серіктес жаңалықтары