$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.04.2021, 23:37
Оқиғалар

Атырауда бір ай бойы зорлық құрбаны болған әйел ауыр жағдайда ауруханаға түсті

37 жастағы ер адам келіншекті бірнеше күн бойы ұрып-соғып, қинап, соңында өз-өзіне қол жұмсаған

 

Атырауда зорлық құрбаны болған үш баласы бар әйел ауыр жағдайда ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана TV» телеарнасына сілтеме жасап.

Басы жарылған, денесінде сау тамтығы жоқ. Оны осындай жағдайға жеткізген 37 жастағы қала тұрғыны екен. Екеуі бір ай бұрын танысқан, жігіт келіншектің қыр-соңынан қалмай, бірге тұруға ұсыныс жасаған. Бірақ келіншек оған қарсылық танытқандықтан, бірнеше күн бойы ұрып-соғып, қинаған, соңында ер адам өз-өзіне қол жұмсаған. Жантүршігерлігі сол, бұл оқиғаға келіншектің үш баласы куә болған.

Қанды оқиға қаланың орталық көшелерінің біріндегі көпқабатты үйде болған. Әйелдің жанұшырған даусын көршілері естиді. Бірақ дауыстың қай пәтерден шыққанын бірден аңғара алмаған.

«Мен сыртқа шығып, көлігімді қыздырып тұрғанмын.  Өте қатты шыңғырған дауыс шықты. Жай дауыс емес .жантүршігерлік дауыс. Мен қайдан шығып жатыр деп балконға қарадым.  Дауыс басылып қалды. Бес минуттан соң милиция келді.  Тағы екі минуттан соң жедел жәрдем келді. Әйелді алып бара жатқанын да көрдім», - деді куәгер Василий Голубых.

«Озбырдың бұған дейін жасаған айуан әрекетіне құқық қорғау органдары мән бермеген. Ауыр қылмыс екенін біле тұра, немқұрайлылық танытқан» дейді «Не Молчи» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Смайлова. Өйткені, жәбірленуші бұған дейін бір ай бойы зәбір көрген. Полицияға да бірнеше рет шағымданған. Құқық қорғаушылар күдіктіні тек әкімшілік жауапкершілікке ғана тартыпты. Бірақ екі күннен кейін қамаудан шыққан соң күдікті үйдің балконын сындырып кіріп, әйелдің басынан белгісіз затпен ұрып, өзі асылып қалған.

«Аз ғана күнде бірнеше құқықбұзушылық жасаса да, неге жауапқа тартпаған.? Екі тәулікке қамау не деген масқара?! 19-ы күні қамаудан шығып, 20-сы күні әйелге шабуыл жасайды. Қолында қаруы бар. Ол балға ма, балта ма, әзірге белгісіз. Полиция әзірге ресми жауап бермей отыр. Қазір әйелдің жағдайы ауыр. Полиция осыған дейін қалай жеткізді? Менің ойымша, осы жерде жедел топ іске қосылуы тиіс еді.  Және өте ауыр қылмыс ретінде тіркеу тиіс еді», - дейді «Не Молчи» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Смайлова.

Келіншектің 4, 11 және 13 жастағы балалары оқиға болған кезде пәтерде ұйықтап жатқанын психологқа айтқан. Қазір олармен арнайы мамандар жұмыс істеуде.  

«Пихологтың қорытындысына сәйкес, балалардың мінезінен күйзеліс байқалмаған. Жағдайлары жақсы. Мінездері қалыпты жағдайда. Алдағы уақытта да, бүгін де балалар психоллогтың бақылауында», - дейді Атырау облысы Білім сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Бердібек Тайышев.

Ал басынан соққы алған келіншектің жағдайы ауыр. Қазір дәрігерлердің жіті бақылауында.   

«Тексеру барысында ашық ми жарақаты, бас сүйектерінің сынуы, мидың ауыр дәрежеде соғылуы диагнозы қойылып, қазіргі кезде нейрохирургия бөлімшесінде ем алуда. Операция қажет етпейді. Қазіргі кезде есін біледі. Алайда жарақат алу кезіндегі оқиғаның мән-жайын білмейді. Ол кезде есінен танады. Сол үшін ондай нәрселер есінде сақталмайды», - деді Атырау облыстық ауруханасы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Еркін Ербөлеков.

Қоғамдық резонанс тудырған шулы оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Оның бірі - қызметіне салғырт қараған полиция қызметкерлеріне қатысты.

«Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар полиция қызметкерлеріне қатысты да сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 371-бабы салғырттық бойынша жүргізілуде», - дейді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова.

Әзірге қанша полицейдің жауапқа тартылатыны белгісіз. Ал қоғам белсендісі Дина Смайлова «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық» заңын қайта қарап, мұндай қылмыстардың жазасын қатаңдату керек екенін тағы бір нығарлады.

 
Серіктес жаңалықтары