Түркістан облысында жыл басынан бері 100-ден астам есірткі қылмысы анықталды

Есірткіге байланысты қылмыс істеген тұлғаларды заң бойынша қатаң жазаға тарту көзделген

 

Түркістан облысында жыл басынан бері 100-ден астам есірткі қылмысы анықталды
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында 2021 жылдың І-тоқсанында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 119 есірткі қылмысы анықталған. Оның ішінде есірткі сату 32, аса ірі көлемде есірткі сақтау 6, есірткі контрабандасы бойынша 8 жайт тіркелді. Ал заңсыз айналымнан 36 келіден астам есірткі заты тәркіленген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мәселен, жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы – Кентау бағытында жүретін автобустың жолаушылары күдік тудырған. Тексеру кезінде олардың сөмкелерінің ішінен полиэтилен пакетке оралған есірткіге ұқсас зат табылды. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленіп алынған есірткінің 9 келіден астам «марихуана» екені анықталды. Күдіктінің бірі Кентау қаласының, екіншісі Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген ПД хабарламасында.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары Түлкібас ауданы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолында «Ауди» маркалы көлікті тоқтатады. Тексеру барысында, жолаушы орындығының аяқ қойғышынан полиэтилен пакетке оралған жалпы салмағы 12 келі 860 гр «кептірілген марихуана» табылып, тәркіленді. Жамбылдық күдіктілер қамауға алынды.

Бұдан бөлек, ТО ПД ЕҚҚІҚБ-ның және Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, есірткі сатты деген күдікті ұсталды. Оның үйіне тінту жүргізу кезінде 19 дана қағазға оралған есірткі заты марихуана мен пневматикалық тапанша табылып, тәркіленіп алынды. Күдіктінің бас шарасы «қамауда». Бүгінде аталған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

«Сонымен қатар шекара аумағында қызметтік иттердің көмегімен бірнеше есірткіге қатысты қылмыстар анықталды. Мәселен, «Марика» есімді қызметтік ит «Жібек жолы» шекара бекетінен өткен Алматы облысының тұрғынына белгі береді. Тексеру барысында аталған ер адамның қол сөмкесінен 1 дана полиэтилен пакетке оралған марихуана тәркіленіп алынды. Бұл жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабымен тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал ТО ПД ЕҚҚІҚБ мен Шекара қызметінің қызметкерлері бірлесіп, «Линда» есімді қызметтік итті пайдалану арқылы Өзбекстаннан Қазақстанға қарай өткен Шымкент қаласының тұрғынын есірткі тасымалдау күдігі бойынша ұсталды. Нәтижесінде, оның шалбарының қалтасынан есірткі табылды. Тергеу амалдары Сарыағаш АПБ-де ҚР ҚК-нің 286-бабы бойынша жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Ескерту: есірткіге байланысты қылмыс істеген тұлғаларды заң бойынша қатаң жазаға тарту көзделген, оның ішінде есірткі сату қылмыстары үшін 10 жылдан 15 жылға, есірткі заттарын сақтағаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.