БҚО-да браконьерлерден 800-ден астам киік мүйізі тәркіленді
Ұсталғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
БҚО-да киік мүйіздерінің ірі партиясымен браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері Бөкей ордасы ауданының тұрғындарынан 800-ден астам киік мүйізін тәркіледі. Бұл мүйіздердің құны шамамен есептегенде 2 млрд. теңгені құрайды. Тергеу барысында ұсталған адамдардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар екені анықталады. Қазіргі уақытта олардың сыбайластары мен мүйіздерді өткізетін орындары анықталуда.
Бұл соңғы жылдары браконьерлерден тәркіленген киік мүйіздерінің ең ірі партиясы болып табылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне енгізілген түзетулер мен өзгерістерге байланысты киікті заңсыз аулағаны үшін және осы сирек кездесетін жануарлардың дериваттарымен заңсыз айналысқаны үшін де қылмыскер жаза арқалайды. Бұрын браконьерлер қылмыстық жауапкершіліктен оңай құтылып жүрген. Мәселен, “мүйізді тауып алдық, өлген киіктің мүйізін кесіп алдық” деп айтып жүрген. Мұндайда олардың браконьерлікпен айналысқанын дәлелдеу өте қиын болған.
Сондықтан браконьер сот залынан кінәсіз болып шығады да, киіктерді қырумен қайтадан айналыса берген. Ал, қазір олай емес, сирек кездесетін жануарға қиянат жасаған адам қатаң жазаланады.
Киіктерді заңсыз атумен және оның дериваттарымен заңсыз айналысумен байланысты қылмыс Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі бойынша бөлек қарастырылады. Осы бапқа сәйкес киіктерді, олардың дериваттарын, соның ішінде мүйіздерін заңсыз аулау, жою, заңсыз табылған киіктерді сатып алу, сақтау, өткізу, әкету, әкелу – бұл бойынша үш жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
2020 жылы киіктің дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша 61 факті тіркеліп, оның ішінде 30 іс сотқа дейін жетті (15-і бойынша ҚПК-нің 35-бабы 1-б. 2-тармағымен қысқарту туралы шешім қабылданды, 14-і бойынша тергеу мерзімі үзілді).
Биыл 17 факті тіркелді, оның ішінде сегіз факті бойынша іс сотқа жолданып үлгерді, қалған фактілер бойынша тергеу жүргізілуде.
Қазақстан Респубикасы ІІМ Криминалдық полиция департаментінің және БҚО ПД-ның қызметкерлері арнайы операция өткізіп, нәтижесінде Бөкей ордасы ауданының 1982 және 1994 жылы туған үш тұрғынын ұстап, олардан сегіз қапшыққа салынған 805 киік мүйізін тәркіледі. Ұсталған адамдардың айтуынша, олар 2020 жылдың күз мезгілінен бері осы уақытқа дейін өлген киіктердің мүйіздерін кесіп алып, болашақта өткізіп жіберу үшін сақтап келген екен. 2021 жылдың 10 сәуірі күні олар ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Оларға қатысты ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды, оның ішінде биологиялық және трасологиялық сараптама түрі де бар. Ұсталған адамдардың қылмыстық әрекетінің салдарынан келтірілген шығын шамамен есептегенде 2 млрд. теңге.
Қазіргі уақытта таяу шетелдерде осы киік мүйіздерін көтерме бағамен сатып алумен айналысатын адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.Бұл биылғы жылы киік мүйіздерімен заңсыз айналысқаны үшін ұсталып отырған бірінші күдіктілер емес. Еске сала кетейік, 2021 жылдың ақпан айында Зашаған кентінде 1987 жылы туған бір азамат ұсталып, одан 219 киік мүйізі алынған болатын. Жалпы 2021 жылы киікті заңсыз аулау бойынша бес факті, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлардың дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша 15 факті тіркелді. Осы барлық қылмыстар бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес киікті, оның бөлшектерін немесе дериваттарын заңсыз алу, сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жіберу, тасымалдау немесе жоюмен айналысқаны үшін кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оған қатысты 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.