Мас жолаушылар Тараздан ұшып шыққан ұшақты кері қайтарды
Тәртіп бұзған ер азаматқа ірі көлемде айыппұл салынды
8 сәуір сағат 15.30-да Тараз – Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақ Тараздан ұшып шығып, бір сағаттан кейін мас жолаушылардың кесірінен әуежайға қайта оралуға мәжбүр болды. Құқық бұзушы жолаушыны желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ұстады. Осыдан кейін ұшақ межелі жерге ұшып кетті.
«Тексеру барысында көлік полицейлері 56 жастағы Жамбыл облысының тұрғынын анықтады. Ол ұшақ бортына мас күйде отырған. Өзін әбес ұстаған, балағат сөз айтқан, экипаж бен әуе кемесі командирінің бірнеше мәрте талаптарын орындамаған. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ер адамда орташа дәрежедегі алкогольдік масаңдық анықталды», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Жолаушыға қатысты бірден үш әкімшілік хаттама толтырылды: ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық), ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі (алкогольдік ішімдіктерді ішу және қоғамдық орындарда масаң күйде болу) және ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабының 1-бөлігі (әуе кемесінде жүріс-тұрыс қағидаларын бұзу) бойынша 13 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, осы ұшақтың тағы бір жолаушысына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық үшін, ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабының 1-бөлігі бойынша әуе кемесінде жүріс-тұрыс қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылып, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.