Павлодар облысында пойыз астында қалған жылқылардың иесі жауапқа тартылды
Биыл теміржол аумағында мал жаюдың салдарынан 345 оқиға болған
3 сәуір күні Павлодар облысында пойыз екі атты қағып кеткен, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің басшысы Оңал Бекеев мәлімдеді.
«3 сәуір күні Павлодар облысындағы «Екібастұз-2-Екібастұз-Северный» теміржолы аралығында жолда мал жайылуына қатысты жағдай болды. Пойыз машинисі теміржол үстінде жайылып жүрген жылқыларды байқап, соқтығысудың алдын алу мақсатында шұғыл тежегішті басқан. Алайда, оқыс оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Көлік полицейлері 41 жастағы мал иесін анықтады», - деді Оңал Бекеев.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігімен, яғни темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Көлік полицейлері теміржол жолағында мал жаюға тыйым салынатынын тағы да еске салады. Бұл жануарлардың өліміне ғана емес, сонымен қатар жылжымалы құрамның зақымдалуына, пойыздың жедел тежелуі салдарынан жолаушылардың жарақат алуына әкеп соғуы мүмкін», - деп толықтырды Оңал Бекеев.
Айта кетейік, биыл бірінші тоқсанда Көліктегі полиция департаментінде шұғыл тежеудің 484 фактісі тіркелді. Оның ішінде теміржолдың бөлінген жолағында мал жаюдың салдарынан 345 факт болған. Олардың 121 фактісі жылқылардың болуына байланысты.