ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Қазақалтын» комбинатынан 122 млн теңгенің алтынын ұрлаған екі күдікті ұсталды

Олардың екеуі де «Қазақалтын» қызметкері болып шықты

көрнекі сурет

Ақмола облысында «Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинаты» АҚ-нан катодты алтынды ұрлаған күдіктілер қолға түсті. Бұл туралы Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Полиция қызметкерлері 300-ге жуық адамнан жауап алып, кәсіпорын объектілерінде, сондай-ақ кенттің периметрі бойынша орналасқан бейнебақылау камералары арқылы жазбаларды (видео) зерделеп, талдады. Нәтижесінде күдікті ретінде Жолымбет кентінің 26 және 34 жастағы тұрғыны, яғни «Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинаты» АҚ-ның екі қызметкері анықталды.

«Күдіктілердің бұл қылмыстық ниетін оқиғаға дейін алты ай бұрын жоспарлағаны белігілі болды. Олар қылмысын мойындады. Заттай дәйектерді күдіктілердің бірі туысының пәтеріне жасырғаны анықталып, тәркіленді», - деп толықтырды ведомстводан.

Еске сала кетейік, 2 наурызға қараған түні «Қазақалтын» тау-кен комбинатында катодтық алтын ұрланған. Бұдан кәсіпорынға 122 миллион теңге залал келген. Ұрлыққа қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында арнайы шұғыл тергеу тобы құрылып, оның құрамына криминалды полиция мен тергеудің тәжірибелі мамандары енді.