«Жұмабектің бажасы»: Павлодарлық жүргізуші жазаланды

Жүргізушіге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды

Павлодарда мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ көлік мінген жүргізуші ұсталды. Көлігіне «Жұмабектің бажасы» деп жазып алған айыпталушыға 10 АЕК көлемінде айыппұл санылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Павлодар облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылымен кетіп бара жатқан «ВАЗ 2170» автомашинасын тәртіп сақшылары тоқтатқан. Жүргізуші 1 сәуір, күлкі күнінде осылай қалжыңдамақ болғанын айтқан. Ол автомобильдің жүк салғышының есігіне «Жұмабектің бажасы» деген жазуды қолмен жазып алған. Жүргізушінің көтеріңкі көңіл-күйіне қарамастан, полицейлер ҚР ӘҚБтК 590-бабы 2-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырған. 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды, автомашина автотұраққа қойылды.

 «Адамдар ережелерді нақты сақтау – жолдағы заң міндетті шарты екенін ұмытып кетеді. Жол ақталуды қажет етпейді. Ол кішігірім тәртіп бұзушылықтарды да кешірмейді, қырағылық сақтауды және ұдайы мұқият болуды міндеттейді. Тек жыл басынан, Павлодар қаласында жүргізушілер тарапынан кеткен әртүрлі құқық бұзушылықтары үшін автотұраққа 535 көлік құралдары қойылды»,- деп атап өтті Павлодар қаласы Полиция басқармасының бастығы Данияр Бек.

Мамандар жол қауіпсіздігі мен жол-көлік оқиғаларының алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальоны үнемі кезекшілік атқаратынын атап өтті. Жыл басынан жол үсінде 7 712 заң бұзушылық анықталған. Бұндағы рейтингте қауіпсіздік белбеуін пайдаланбағаны үшін – 1086, бағдаршамның рұқсат етілмейтін сигналына  жүру, жаяу жүргіншілерге басымдылық бермегені үшін – 392, мас күйінде көлікті басқарған – 110 және мемлекеттік тіркеу нөмерсіз көлік құралын басқарған 20 тұлға анықталған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.