«Алтын Орда» базарында төбелескендер татуласты
Оларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
30 наурызда Алматы маңындағы «Алтын Орда» базарында болған төбелес туралы видео тарады. Төбелес тұраққа ақша жинайтын жігіт пен жүргізуші арасында болған. Қос жігіттің арасындағы жанжал тұрақ ақысына қатысты (100 теңге) басталған.
Сол күні Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек төбелеске қатысушылар анықталғанын, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Ал, бүгін ведомство өкілдері жанжалға қатысы бар екі ер азаматтың бір-бірінен кешірім сұрап, татуласқанын және оларға қатысты тергеу әрекеті тоқтатылғанын хабарлады.
«Қарасай аудандық полиция бөлімінде жүргізілген тергеу әрекеті барысында жанжалдасқан тараптар қателігін мойындап, бір-бірінен, сондай-ақ халықтан кешірім сұрады. Сондай-ақ олар сотқа дейінгі тергеуді тоқтатуды сұрап, арыз жазды. Жанжал шығарғандар халыққа өтініш айтып, бұл тақырыпты одан әрі ушықтырмауды сұрады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, аталған адамдарға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды», - деп хабарланды облыстық полициядан.