ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Қылмыстық іс қозғалды: «Алтын Орда» базарындағы төбелеске қатысушылар анықталды

Тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады

Алматы маңындағы «Алтын Орда» базарында болған төбелеске қатысушылар туралы полиция мәлімдеме таратты. Төбелес тұраққа ақша жинайтын жігіт пен жүргізуші арасында болған. 100 теңге үшін жанжалдасқан қос жігіттің әрекетін салондағы жүргізуші жұртқа көрсеткен еді.                  

«30 наурызда «Алтын Орда» базарына келгенде, «парковщик» тұрақ үшін 100 теңге сұрады. Бірақ жүргізушіде 20 000 қолма-қол ақша болғандықтан, ол Kaspi-ге аударуды ұсынды, «парковщик» одан бас тартты да «кетіп қал» деді. Содан төбелес басталды, шабуыл жасаушы есінен танды», - дейді видеожазбадағы адам. 

Жүргізуші пышақ ала жүгірген автотұрақтағы жігітті баспен ұрып жарақаттаған. Бұған ашуланған өзге де ақша жинайтын адамдар жүргізушінің көлігін зақымдаған. Көлік салонындағы қыздың шабуыл жасаушылардан қорқып, жылағанын байқауға болады. Оқиға бүгін таңертең, яғни 30 наурызда Алтын Орда базарында сағат 09.10 шамасында болған. 

«Аталған дерек әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында  анықталды. Оқиға орнына Қарасай аудандық ПБ жедел - тергеу тобы шықты. Дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта бейнежазбаның барлық қатысушылары анықталды. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысында екі тараптан да жауап алынатын болады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оқыс оқиғаның барлық фактілері, себептері мен мән-жайлары анықталады. Тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек.  

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы