Қар барысы терісімен суретке түскен Туризм академиясы президентіне қатысты тергеу басталды
Қазір тиісті тергеу амалдары мен сараптамалар жүргізіліп жатыр
Қар барысы терісімен суретке түскен Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновқа қатысты тергеу басталды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.
«Аталмыш қылмыстық іс қазір Алмалы аудандық Полиция басқармасында тергелуде. Тиісті тергеу амалдары мен сараптамалар жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексі 201-бабына сәйкес тергеу реті мен басқа да мән-жай жария етілмейді», - деп хабарлады.
Еске сала кетейік, 20 қаңтарда танымал блогер, эко-белсенді Сәкен Ділдахмет Facebook желісіндегі парақшасында танымал спортшы Жаңқош Тұраровтың Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтың кабинетінде түскен бірнеше суретін жариялап, қар барысы мен сілеусіннің терісі, арыстанның тұлыбы академия басшысының кабинетінде қалай тап болғанын сұрады.
Эко-белсенді жариялаған сурет желі қолданушыларының ашуын туғызып, бұл жағдайға қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми өкілі пікір білдірді.
Академия басшысы Қайрат Закирьянов Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында қар барысының терісін қайдан алғанын айтып берді.