Семей тұрғынынан құны 100 млн теңгеден астам марихуана мен гашиш тәркіленді
Күдікті қамауға алынды
Семей қаласының тұрғынынан 153 келі марихуана мен 10 келі гашиш тәркіленді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы ПД Семей қаласының ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері хабарлады.
Арнайы операция барысында жедел уәкілдер Семей қаласының тұрғынынан 1,5 центнерден астам кептірілген марихуана мен 10 кг гашиш тәркіледі.
44 жастағы тұрғын Семей қаласына каннабис тобына жататын есірткі заттарының аса ірі партиясын жеткізіп, осында сатпақ болғаны анықталды. Оның гаражынан 153 келіден астам марихуана және 10 келі гашиш тәркіленді. ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметовтың хабарлауынша, тәркіленген есірткі бір реттік 32 мың дозаны құрайды. Оның «қара нарықтағы» бағасы 100 млн теңгеден астам.
Күдікті қамауға алынды, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, аталған баптың санкциясы бойынша мүлкін тәркілей отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.