Петропавлда қонақүйдегі өрттен қашқандар терезеден секіріп кетті
Өрт өршіп кеткенде терезеден секіргендердің бірі талып қалған
Петропавлда көпқабатты тұрғын үйде орналасқан қонақүй өртенді. Тілсіз жау мейманханадағы саунадан тұтанған. Түтінге тұншыққандар терезеден секіріп шығып аман қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
От тұтанғанда қонақүйдің терезесінен секіргендердің бірі талып құлаған. Есін жиған соң, дәрігерге жүгінбестен жөніне кетіпті. Ал құтқарушылар өрт шыққан подъезден 30-дан аса тұрғынды далаға шығарды. 15 шаршы метр жерді шарпыған тілсіз жау жарты сағатта ауыздықталған. От апат ошағына жақын 50 литрлік газ баллонына жетіп үлгермепті, жарылғанда жан-жағын түгел жайпар еді.
Бір ай бұрын Петропавлда жатақхананың бірінші қабатында газ баллоны жарылып үш адам қаза тапқан болатын. Жарылыс пен өрттен қираған баспана әлі жөнделіп жатыр.
«Тұрғындар қауіпсіздік ережесін елемейді, газ баллонын қолдануды қоймай келеді. Мұндай ғимараттарда газ баллонын ұстауға қатаң тыйым салынған. Бұл адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін айтқымыз келеді», - деді СҚО ТЖД бөлім басшысы Дмитрий Растихин.