ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2,4 мың адамнан коронавирус анықталды

Атырау облысында есірткіге еліткен ер адам зираттарды қиратып тастаған

XVIII ғасырда өмір сүрген әулиенің кесенесін де таc-талқан еткен қаскөйге сот үкімі шықты

 

 

Атырау облысы Қызылқоға аудандық соты зираттарды қиратқан бұзақыға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Жергілікті жұрттың ашуын туғызып, жағасын ұстатқан оқиға былтыр қыркүйек айында Тасшағыл ауылынан 15 шақырым қашықта орналасқан қорымда болған. «Мәтен қожа» қауымындағы 15 құлпытасты қиратып, түнек үйін өртеп жіберген қаскөйдің қолынан XVIII ғасырда өмір сүрген емші әрі дін қайраткері болған Мәтен қажы әулиенің де кесенесі бүлінген. Ер адам көне мазардың төбесі құлатып, кірпішін жан-жаққа шашып кеткен.     

Бұзақының әрекетіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 314-бабы («Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді.

«Сотталушы – 43 жастағы жұмыссыз тұрғын Нияз И. өз кінәсін мойындады. Оның айтуынша, бұзақылық әрекетке есірткінің әсерінен барған. Сотталушы материалдық шығынды (шамамен 700 мың теңге) қайтарғандықтан, сонымен қатар, мазары бүлінген марқұмдардың туыстары оны түрмеге қамамау туралы өтінгендіктен, сот Нияз И. есімді азаматқа 100 сағат мәжбүрлі жұмыс істету жазасын қолдана отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды», - делінген аудандық сот хабарламасында.    

Сот шешімі заңды күшіне енді.