Өскеменде зауыт жұмысшылары жаппай уланды
Қазіргі таңда еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатыр
Өскеменде ауруханаға түскен бір топ зауыт жұмысшысы көміртек тотығынан улануы мүмкін деген болжам бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оларға әзірге осындай диагноз қойылып отыр. Қазір бұл оқиға бойынша облыстық еңбек инспекциясы тексерісті бастап кетті.
Айта кету керек, Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытының 11 жұмысшысы өндірістік қалдық үйілген аумақта жұмыс істеп жатқан жерде денсаулықтары күрт нашарлап, ауруханаға түскен болатын. Бұл дерек тұрғындарды біршама алаңдатып тастады.
Зауыт жұмысшыларының жаппай улану дерегі өскемендіктерді дүр сілкіндірді. Дегенмен, мамандардың хабарлауынша, ауруханаға түскендердің жағдайы қазір бірқалыпты. Облыстық еңбек инспекциясы он күндік тексеріске кірісіп кетті.
«Көміртек тотығу газынан улану деген диагноз қойылды. Қазіргі таңда мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы ШҚО прокуратурасының тапсырмасымен «Хоз управление УК»ЖШС-іне тексеріс басталып, нәтижесі бойынша қосымша ақпараттар берілетін болады», - деді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының еңбек инспекторы Талғат Орынбеков.
Бұл жағдай қала экологиясына алаңдаулы тұрғындарды одан сайын үркітіп отыр. Өйткені шаһарды көк түтін басып қалатын күндер көп. Ауа құрамында күкірт қышқылы, азот диоксиді, формальдегид сынды зиянды қалдықтардың шектен асып кетуі де жиі тіркеледі.
Өңірге сала өкілдерінің сапары жоспарланып отыр. Жалпы облыс орталығының экологиясы туралы мәселе талай жылдан бері көтеріліп келе жатқанмен ешқандай шешім жоқ. Қалалықтар қолайсыз ауа райы туралы хабарлама келсе, үйден шықпай амалдауға тырысады.
Шығыстың басты шаһары көптен бері еліміздегі ауасы ең лас қалалардың қатарынан түспей келеді. Тіпті соңғы екі жылда екінші орынға тұрақтаған.Экологтардың есептеуінше, жалпы орташа көлеммен алғанда облыстағы өнідіріс орындары түрлі нысандардан жылына 130 мың тоннаға жуық зиянды қалдықтар бөлінеді екен.