Павлодарда жолаушыны балағаттаған автобус жүргізушісі жазаланды
Оған 3 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады
Павлодарда жолаушыны балағаттаған автобус жүргізішісі жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, мамандандырылған әкімшілік сотында қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзудан көрінетін ұсақ бұзақылық фактісі бойынша іс қаралған (ӘҚБтК-нің 434-бабының бірінші бөлігі).
«Сот қоғамдық көлік жүргізушісінің қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзып, жолаушыға дөрекі сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағанын анықтады. Сотта 35 жастағы қала тұрғыны кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінді», - дейді баспасөз қызметінде.
Сот ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша жүргізушіні кінәлі деп танып, 3 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.