СҚО-да азық-түлік тиелген жүк көлігі аударылып қалды

Зардап шеккендер жоқ

СҚО-да азық-түлік тиелген жүк көлігі аударылып қалды

Солтүстік Қазақстанда дүкенге азық-түлік апара жатқан жүк көлігі тайғақ жолдың кесірінен жиекке шығып кеткен. Жол жиегіне шығып кеткен «Foton»-ды алып шығу үшін полицейлерге үш ауыр техниканы көмекке шақыруға тура келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шал ақын ауданы Сергеев қаласындағы дүкендерге азық-түлік апара жатқан жүк көлігі жиекке шығып кеткен. Көлікте экспедитор және сауда өкілі болған. Зардап шеккендер жоқ. Техниканы шұңқырдан алып шыға алмаған полицейлер жергілікті шаруашылықтардың бірінің көмегіне жүгінген.

«Бұл кәсіпорынның техникасы жолда қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетіп келеді. «Стимул» ЖШС басшысы Владимир Пафов қар тазалайтын техниканы, жүк тиегішті және тартқышты жіберген. Осыншама техника бөлінгенімен, бізге көмек көрсету оңайға соқпады. «Foton»-ды жүктен босатуға тура келді, тек осыдан кейін көлікті жолға шығару мүмкін болды. Полицейлер бұл кезде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Көмектің жылдам көрсетілуін қамтамасыз еткен тәртіп сақшыларына алғысым шексіз», - деп ризашылығын білдірді көлік жүргізушісі.

Ал Тайынша ауданында полицейлер жол жиегіне шығып кеткен, Көкшетаудан Түменге бет алған «DAF» ауыр жүк көлігін жолға шығару үшін «Қазавтожол» серіктестігінің көмегіне жүгінген.

«Патрульдік полицияның жұмыс күндері осындай. Құбылмалы ауа райы жүргізушілерге қиындық жасайды. Жолда аса сақ болуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдардың жабылғаны және ауа райының қолайсыздығы туралы ескертетін ТЖ қызметінің және полицияның хабарламаларын назардан тыс қалдырмаңыздар», - деді СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирі полиция подполковнигі Ерлан Мәдиев.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.