Шымкентте колонияға телефон өткізбек болған күдіктінің аса ауыр қылмыс үшін іздеуде жүргені анықталды
Ер адам бұған дейін де сірткі өткізгені және сақтағаны үшін сотталған
Шымкентте колония аумағына телефон кіргізу әрекеті бақылау камерасын түсіп қалды. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
9 наурызда кешқұрым белгісіз ер адам «тыйым салынған» пакетті Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ИЧ-167/2 мекемесінің аумағына заңсыз өткізбек болған.
«Мекеме қызметкерлерінің қырағылығы, үйлесімді жұмысы және уақтылы келіп түскен жедел ақпарат оларға тыйым салынған заттардың мекемеге кіру әрекетінің жолын кесті. Бұрын есірткі өткізгені және сақтағаны үшін сотталған ер адамның Қылмыстық кодекстің 120-бабына сәйкес (зорлау) қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүргені анықталды», - деп жазылған.
Оқиға орнына дер кезінде жеткен жергілікті полиция басқармасы қызметкерлері күдіктіні бірден ұстады. Куәгерлердің қатысуымен белгісіз заттар салынған пакет ашылып, оның ішінен үш ұялы телефон табылған.⠀
«Жиналған материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа берілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстң 481-бабына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды кез келген тәсілмен беруге әрекет жасау ескерту жасауға немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», - делінген хабарламада.⠀