Қостанай облысында 30 жастағы келіншек коронавирустан көз жұмды
Жедел жәрдем көлігі қар құсауында қалып, науқасқа жете алмаған
Қостанай облысында 30 жастағы келіншек коронавирус індетінен көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Қостанай облысында жедел жәрдем қар құсауында қалып, науқасқа жете алмаған. Ауыр халдегі ауыл тұрғынын Төтенше жағдай департаментінің жедел-құтқару жасағы тасжолда қалған медициналық көлікке апаруға мәжбүр болды. Алайда 30 жастағы келіншек медициналық көмекке жетпей жан тапсырған.
Жедел жәрдем мамандары наурыздың тоғызы күні Рыспай ауылына шақыртумен аттанған. Бірақ елдімекенге дейінгі тасжолдағы қалың қардан жүре алмаған. Көмекке төтенше жағдайлар мамандары келіп, олар жол талғамайтын көлікпен науқасты алып шыққан. Ауыл әкімі дәрігерлер батып қалған жол өзіне қарамайтынын айтып, ақталды.
«Жаңағы жол 9 км аудандық жолға кіреді. Оны ЖКХ тазалайды. Сол күні түнде ЖКХ жол тазарды деп бізге хабар берді. Таңертең боран болған соң техника жіберген. Мен сағат он кезінде барғанда жолды тазартып жатты. Аржағында жедел жәрдем көлігі тұрды», - деді Қостанай ауданы Заречный ауылдық окургінің әкімі Нұрғиса Исмағамбетов.
Жедел жәрдем әйелді облыстық ауруханаға жеткізген, бірақ ес-түссіз болғанын айтты. Бірден жансақтау бөліміне жатқазылғанымен, ажалға араша бола алмаған. Марқұмға инсульт және коронавирус диагнозы қойылған дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.