Алматы облысында белгісіз біреулер жол бойына жануарлар сүйегін шашып кеткен
Жергілікті жұрттың жағасын ұстатқан көріністің видеосы желіде жарияланды
Алматы облысында белгісіз біреулер жануарлардың сүйегін жол бойына шашып тастап кеткен. Жергілікті жұрттың жағасын ұстатқан көріністің видеосы әлеуметтік желілерде жария болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталмыш видео kaskelenkz Instagram-паблигінде жарияланған. Бейнекадрлардан жолдың екі қапталында, әр-әр жерден ірі жануар сүйектерінің үйіліп жатқаны көрінеді. Болжам бойынша жануарлардың тушасы ірі қаранікі болуы мүмкін.
Видео Ұмтыл ауылдық округінде түсірілген екен.
Осы оқиғаға байланысты Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме беріп, учаскелік қызметкердің оқиға орнына барғанын және видеодағы ақпараттың расталғанын мәлімдеді.
«Аталмыш оқиға Қарасай аудандық Полиция басқармасында тіркелді. Қазіргі уақытта құқық бұзушылардың жеке тұлғасын анықтауға бағытталған кешенді шаралар жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Құқық бұзғандардың жеке тұлғасы анықталғаннан кейін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша іс қозғалатын болады.