Австралияда 12 күн бойы шөлде адасып жүрген әйел құтқарылды
Әйелмен бірге еріп жүрген екі ер адам 13 күннен бері табылмай жатыр
Австралия полициясы 12 күн бойы шөлде аптап ыстық астында қалған әйелді құтқарды, деп жазады ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
Оның тірі қалуына өзімен бірге ала кеткен азық-түлігінің септігі тиген. Абырой болғанда, тамақ пен су таусылған кезде әйел мен оның қасындағы екі серігіне жаңбырдан кейін қалған суатты табудың сәті түскен.
Бірақ әйелмен бірге еріп жүрген екі ер адам 13 күннен бері табылмай жатыр.
52 жастағы Макбит-Райли мен оның екі серігі – Фу Тран және Клэр Хоксридж 19 қарашада Австралияның Солтүстік аумағында орналасқан шағын Элис-Спрингс қаласынан сапарлауға шыққан.
Олар шөлге жол тартқан. Бірақ аяқ астынан көліктері суы тартылған өзенде батпаққа батып қалады.
Журналистерге Тамра Макбит-Райли алғашқы үш күн бойы қанша әрекет жасағандарымен машинаны шығара алмағандарын айтып берді. «Күндіз күн өте ыстық болды. Біз машинаның астындағы құмды қазып, аптап ыстықтан қорғануға тырыстық», - дейді ол.
Саяхатшылардың алты литр суы, печеньесі және ет салынған кеспесі болған. Тамақтары таусылған соң олар амал жоқ, су іздеуге бел буады. ABC корпорациясының хабарлауынша, екі азамат өздерінің қай бағытқа бет алғандарын жазып, машинаға қалдырып кеткен.
Австралияның солтүстік аумағының полициясы жоғалған саяхатшыларды іздеуге тікұшақ жіберді. Олар Макбит-Райлиді машинадан бір жарым шақырымдай жерден тапқан. Әйел шұғыл ауруханаға жеткізілді. Оның қалған екі серігін іздеу жұмыстары жалғасуда.