Ақмола облысында шахтада апат болып, екі адам құтқарылды
Қазір зардап шеккендер Астрахан аудандық ауруханасында ем алып жатыр
Ақмола облысының Астрахан ауданында «Айна – ресурс» ЖШС шахтасынынң тау-кен массасында апат болып, екі адам жарақат алды. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Апат кезінде шахтада 1991 және 1990 жылы туылған екі ер адам болған. Екеуі де қалдықтардың астынан құтқарылып, сыртқа шығарылды. Қазір зардап шеккендер Астрахан аудандық ауруханасында ем алып жатыр, жағдайлары – орташа ауыр.
«Бүгін сағат түнгі 3 шамасында Астраханка ауылының 19-ӨСБ байланыс пунктіне Ақбейіт ауылында шұғыл науқастарды құтқару және эвакуациялау үшін көмек қажет екендігі туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Құтқарушылар жоғары өтетін ТРЭКОЛ ВЕГА жол талғамайтын көлігімен шақыру орнына жіберілді. Ер адамдар 100 метр тереңдікте ауыр халде болды, оларды шахтадан басқа кеншілер алып шықты және құтқарушылар келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетілді», - деді Астрахан ауданының ТЖБ басшысы Аят Сералиев.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты жедел жәрдем көлігі зардап шеккендерге жете алмаған. Құтқарушылар төтенше жағдай орнына дәрігерлермен бірге шығып, жарақат алғандарды ауруханаға жеткізген екен.