Алматы облысында жылқыны үйірімен ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Ұрланған жылқылардың жалпы құны 30 млн теңгені құрайды

Алматы облысында жылқыны үйірімен ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысында 4 адамнан тұратын қылмыстық топ 62 жылқыны ұрлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Әккі ұрылар бұл кәсіппен ұзақ уақыт айналысып, көптен бері қолға түспей келген. Олар 2020 жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының аумағында ұрлық жасаған. Үш тұрғынның жалпы құны 20 миллион теңгеден асатын 48 бас жылқысын жайылымда жүрген жерінен ұрлап кеткен. Ұрылар бұл әрекетін кейін Іле ауданында да жалғастырған. 20 ақпанда Базаргелді ауылының 31 жастағы тұрғыны Ақши ауылының маңындағы жайылымнан 14 бас биесінің  ұрланғанын, 10 миллион теңгеге шығынға батқанын айтып арызданған. 28 ақпанда жоғарыда аталған қылмыстардың ашылуы бойынша жұмыс істеген Полиция департаменті мен Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы 4 күдіктіні ұстады.

«Ұсталғандар арасында Талғар ауданы, Кендала ауылының 27  және 43 жастағы тұрғыны бар. Олардың үлкені денсаулыққа ауыр зиян келтіргені және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қарасай ауданындағы Жандосов ауылының 39 жастағы тұрғыны, 2009 және 2013 жылдары ұрлық жасағаны үшін екі рет сотталған. Төртінші күдікті - Ескелді ауданы Алдабергенов ауылының 36 жастағы тұрғыны. Ұрлық ҚҚ ҚК 188 бабының 1 бөлігі, 3-тармағымен және 199 баптың 1 бөлігінің 4 тармағымен тіркеліп, аса ірі мөлшерде зиян келтіру бойынша іс қозғалған», - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Ұрылар жылқылардың алдын ШҚО-ға өткізіп үлгерген. Күдіктілер 4 факт бойынша барлығы 62 жылқыны ұрлаған. Оның 35-і заңды иелеріне қайтарылды. Ірі қараның 10-ы Ескелді ауданының  Алдабергенов ауылынан, тағы 25-і Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласынан табылған.

 «Тәркіленген жылқылар заңды иелеріне қайтарылды. Күдіктілер сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде бұлтартпау шараларын таңдау туралы шешім шығарғанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК іс жүргізу кодексінің 128-бабымен іс қозғалды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен мал ұстайтын адамдарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескерткім келеді. Малды қараусыз қалдырмау керек. Сондай-ақ, малды міндетті түрде таңбалау қажет. Бұл мал ұрлау фактілерін анықтауға және малшылар арасындағы дау-дамайды шешуге көмектеседі», - деді Алматы облысы бойынша Қылмыстық іс жүргізу департаментінің бастығы Асхат Данияр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.