Теміртауда балалар үйінен шығып кеткен 2 қызға іздеу жарияланды
Осыдан төрт күн бұрын балалар үйінен шығып кеткен 13 және 16 жастағы қыздар әлі табылар емес
Темірауда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне іздеу жарияланды. Осыдан төрт күн бұрын балалар үйінен шығып кеткен 13 және 16 жастағы қыздар әлі табылар емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Тәрбиеленушілер Теміртаудағы «SOS» деп аталатын балалар ауылында тұрады. 13 жастағы Мишель Лавриенко және 16 жастағы Дарья Максимова қарашаның 30-ы күні ауыл аумағынан шығып кеткен. Содан бері хабарсыз. Полиция мен еріктілер қаланың барлық жерін шарлап төрт күннен бері таппай жүр.
Балалар үйінінің басшылығы қыздардың үлгерімі мен тәртібі жақсы дейді. Дегенмен, аракідік шатақ мінез көрсететіндерін жасырмады.
«Екеуінің тәрбиесінде қиындық болғанын растаймын. Бірақ шектен шыққан оғаш қылық көрсетпейтін. Екеуі де шығармашылыққа жақын әрі спортпен айналысады. Кіші қыз жақында шешесі қайтыс болғаны туралы хабар естіп, күйзеліп жүрген. Мүмкін, сыртқы жағдайлар әсер етті ме екен... Аман-есен қайтып келсе, қуанар едік. Оларға жаза қолданбаймыз», - деді Теміртау қалалық «SOS» Балалар ауылының директоры Валерий Дубровский.