Түркістан облысында көкпар ұйымдастырған азамат жауапқа тартылды
Ұлттық ойын маңында 100-ден астам адамның қатысуымен өткен
Түркістан облысында 100 адамға арналған көкпар ұйымдастырған тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Отырар аудандық полиция бөлімшесінің учаскелік тәртіп сақшылары рейд барысында, кезекті көкпар ұйымдастыру жайтын анықтады. Ат спорты жарысы Отырар ауданы Қоғам ауылының маңында 100-ден астам адамның қатысуымен өткен. Полицейлер бірден әрекет етіп, ойынды тоқтатқан.
«Жиналғандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барлығы үйлеріне таратылды. Инспекторлар іс-шараның ұйымдастырушысы жергілікті тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша материалдар жинақтап, әкімшілік хаттама жасау және сотқа жолдау үшін СЭББ-ға жіберілді», - делінген хабарламада.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға карантин режимінің талаптарын қатаң сақтауды, бұқаралық спорттық және басқа да іс-шараларды өткізуден бас тартуды ескертеді.