Нұр-Сұлтанда мас жігіт көлік ұрлап, бір адамды қағып өлтірді
Тағы бір зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді
НурСултане мас ер адам көлік ұрлап, артынша жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
3 желтоқсан күні сағат 6:52-де «Бизон» кафесінің маңында белгісіз адам такси жүргізушісін ұрып-соғып, Lada автокөлігін айдап әкетіп, тығылып қалғаны жайлы ақпарат түседі.
«6:58-де сол автокөлік Тәуелсіздік даңғылында жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан екі адамды қағып кетеді. Жол апаты салдарынан 48 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды және кәмелет жасқа толмаған 2005 жылғы жасөспірім түрлі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.
Патруль полициясы ішімдік ішкен 23 жастағы күдіктіні ұстап, Нұр-Сұлтан ПД уақытша ұстау изоляторына қамады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 345 және 200 баптары бойынша («Кісі өліміне алып келген жол ережесін бұзу» және «Айдап әкету») баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.