$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.02.2021, 21:55
Оқиғалар

Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып, 10 жастағы бала мерт болды

Тағы екі адам ауруханаға түсті

Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып, 10 жастағы бала бақилық болды. Тағы екі адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Astana» телеарнасына сілтеме жасап. Шымкентте де көгілдір отын апаты тіркеліп, үш адам күйіп қалды. Екі отбасының да баспанасы тұруға жарамсыз күйге түскен. Петропавлдағы жатақханада болған алапат апатты айтып ауыз жиғанша, елдің батысы мен оңтүстігі де газдан зардап шегіп отыр.

Түнгі сағат 12 шамасында Ақтөбенің Мұғалжар ауданындағы жеке үйде жарылыс болды. Жергілікті тұрғындар қатты дүмпуді естіген. Төтенше жағдай мамандары жарылыс сығымдалған газ баллонынан болды деген болжам жасады.   

«Көршілердің айтуынша, үй иесі кешкісін үйіне газ баллонын  алып келген. Ас-суды соған әзірлейтін болса керек. Өртті сөндіру кезінде  бөлмеден 50 литрлік екі газ баллоны шығарылды», - деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.

Оқыс жағдайдан, үй ішіндегі 10 жастағы бала үйінді астында қалып, қайтыс болды. Үй иесі мен ұлы аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер отағысының халі ауыр дейді.

«1968 жылы туған ер адамның жағдайы өте ауыр. Ол 2 және 3 дәрежелі термиялық күйіктер алған», - деді Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Қазір апат себебін арнайы комиссия анықтау үстінде. Депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері де осында. Қаралы отбасыға жерлеу рәсімін өткізуге жәрдемдесіп, 140 мың тенге бір реттік көмек бермек. Сонымен қатар жергілікті билік зардап шеккендерге баспана әперу жағын қарастырып отыр.  

«Лайықты үйлер қарастырылу үстінде. Ұсыныстар болса сатып әперуге мүмкіндік бар. Ол бюджеттен тыс қаражат», - дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов.

Айта кетейік, Мұғалжар ауданы әлі күнге газдандырылмаған. Тұрғындар сығымдалған газды тұтынады. Қауіпсіздікті сақтамау салдары өлімге әкеп соғуда. Шенеуніктер бұл ауылға табиғи газ келесі жылы қосылатынын жеткізді. Дегенмен, табиғи газдан да ақау шығып жатыр.

Ал Шымкентте кеше кешкісін газ ауа қоспасының жиналғанынан апат болып, бүтін үй жарамсыз күйге түсті.

«Жарылыстың не себепті болғаны туралы қазіргі таңда арнайы құзырлы органдар анықтау үстінде. Біздің байқағанымыз, газ ауа қоспасының жиналғанынан тарсыл болған», - дейді Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Аманбек Бисенбаев.

Үй иесі, оның әйелі мен 19 жастағы қарындасының қолы мен бет-аузы едәуір күйіп қалған. Белгілі болғанындай, бұл отбасы көгілдір отынды кеше алғаш рет қосыпты. Туыстары табиғи газ кіргізген жеке серіктестікті сотқа беруге бекініп отыр. Өйткені мамандар газ қосу кезінде төбе көрсетпеген көрінеді.

«Газды жеке компания жүргізген. Кеше телефонмен ол кісілер қалай қосылу керек екенін ауызша айтқан. Бірінші ауа шығарып, кішкене күт, содан кейін барып қос деген. Сол сәтте осындай жағдай болған», - дейді зардап шеккен отбасының туысы Сабина Серікқызы.

Мамандар қираған үй алдағы уақытта тұруға жарамайтындықтан, оның сүрілетінін жеткізді. Ал келісімшарт бойынша газды кімдер қосуы керек болғанын арнайы комиссия анықтайтын болады.

Серіктес жаңалықтары