ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Павлодар облысында өрт сөндіруші қызмет бабында қаза тапты

Ол түтінге уланып қалған болуы мүмкін

Павлодар облысында жалынды сөндіру кезінде өрт сөндіруші қаза тапты деп хабарлады ТЖМ-нің ресми өкілі Талғат Уәли. Сондай-ақ, оның серігі өрт кезінде жарақат алған.

Өрт сөндіру бөліміне 25 ақпан күні таңғы 7:46-да Ақсу қаласындағы үйлердің бірі жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Жалын 4 бөлмелі үйді шарпыған.

«Өрт сөндіру кезінде Ақсу қалалық №12 өрт сөндіру бекетінің командирі 1997 жылы туған Арыстанбек Машрап ессіз күйде Ақсу ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жеткізілді. Артынша оның қайтыс болғаны анықталды. Өлімнің себебі анықталып жатыр», - деді министрлік өкілі.

Арыстанбек Машрап азаматтық қорғаныс органдарында 2018 жылдан бері жұмыс істеген. Үйленген.

Сол оқиға кезінде тағы бір өрт сөндіруші жарақатпен Павлодар облыстың ауруханаға жеткізілді.