Алматыда бөгет құрылысы кезінде 4 мыңнан астам ағаш заңсыз кесілген
Ағаштарды кесуге 4 ақпанда ғана рұқсат берілгенімен, мердігер қазан айынан бастап отауға кіріскен
Іле-Алатау ұлттық паркінде ағаштар заңсыз кесілген, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.
Сондықтан экологтар Аюсай шатқалындағы бөгет құрылысына қарсы шықты. Себебі 4 мыңнан аса ағаш пен жасыл желек оталған. Табиғатты қалпына келтіру өтеусіз қалуы мүмкін. Алматыға қауіп төндірген өзендердің біріне бөгет салып, селдің алдын алу ісі – әкімдіктің жобасы. Енді табиғат жанашырлары ағаш отағандарды жауапқа тартпақ.
Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағына екі бөгет салу туралы жоба өткен жылы қолға алынған. Жоспар бойынша бөгет қаладағы 300 әкімшілік нысан мен жеке үйлерді селден қорғауға септеседі. Жалпы көлемі 49 гектарды құрайтын құрылыстың көлемі тікұшақтан айқын көрінеді. Экологтардың айтуынша, құрылыс кезінде 4 мыңдай ағаш заңсыз кесілген. Осыған байланысты қазір мердігердің заңбұзушылық әрекеті тексеріліп жатыр.
«Біздің білуімізше, кез келген құрылыс бірінші кезекте экологиялық тұрғыда бағаланады. Экологтармен кездесіп, тиімді жолы табылған соң ғана құрылыс басталуы керек. Ал бұл жерде мердігер тарапынан үлкен заңбұзушылық болып отыр. Жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесуге 4 ақпанда ғана рұқсат берген. Ал мердігер қазан айынан бастап ағаштарды қопара бастады. Оған қоса, Жасыл экономика басқармасы «1000-ға жуық ағаш кесілген» дейді. Ал шын мәнінде, одан әлдеқайда көп», - дейді қоғамдық қозғалыс басшысы Тимур Елеусізов.
49 гектар аумақтағы кесілген желектердің экологтар есептеген көлемі 4 мыңнан асады екен. Олардың арасында қайың, терек, алма, долана, шырғанақ, бөрікқарақат және басқа да кесуге тыйым салынған жасыл желек түрлері бар. Әсіресе, Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасының бірнеше түбі кесілген.
«Оталған мың ағаштың өзі Алматы қаласы үшін үлкен шығын. Талдарды сақтап қалудың өзге жолдары да бар еді. Мысалы, ағаштарды басқа жерге көшіруге болады. Оның әртүрлі тәсілдері бар. Тіпті ағашты көшірумен айналысатын компаниялар, оған қоса, еріктілер де бар», - дейді Тимур Елеусізов.
Жасыл экономика басқармасы әзірге жауап беруден бас тартып отыр. Баспасөз қызметінің мәліметінше, кесілген ағаштарға қатысты тексеріс аяқталмаған. Алайда, InAlmaty.kz ақпараттық сайтында әкімдіктің жауабы жазылған. Онда ағаштарды кесуге әкімдік тарапынан мүлде рұқсат етілмегені және өтемі ретінде мердігер 23 мың ағаш отырғызуға міндеттеліпті.