$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.02.2021, 14:38
Оқиғалар

Петропавлда жатақханадағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсетілмек

Апат салдарынан екі адам қаза тапты 

Петропавлда жатақханадағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсетілмек

Петропавлда жатақханада болған жарылыс салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетілмек. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов  апат болған үйдің жағдайымен танысып, арнайы комиссия құрылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.        

Кеше Петропавл қаласының Интернационал көшесіндегі 21-ші үйде бес қабатты тұрғын үйде жарылыс болды. Алдын ала болжам бойынша, апатқа газ баллоны себеп болған. Салдарынан 2 адам мерт болып, 15-і ауруханаға түсті. 120 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Апат болған орында ТЖД 21 техникасы мен 80-нан астам өрт сөндіруші жұмыс істеді. Ауруханаға жеткізілгендердің үшеуінің жағдайы ауыр. Олар жансақтау бөлімінде жатыр.

«Қаза тапқандардың отбасына көңіл айтамын. Ауруханада жатқан 8 адамның тезірек тәуір болуына тілектеспін. Болашақта осындай қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін кәсіпкерлерге көпқабатты үйлерде газ баллонын қолдануға тыйым салынады. Арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына прокуратура, төтенше жағдай, қала әкімдігі, бизнес өкілдері кіреді. Шаһар қазынасынан ғимаратты қалпына келтіру үшін қаржы бөлініп, зардап шеккендердің барлығына бір реттік қаржылай көмек көрсетіледі», - деді оқиға орнына барған Құмар Ақсақалов.

Жоспарға сай көппәтерлі үйлердің бірінші қабатында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың барлығы тексерілмек. Жарылыстан зақымданған үйдің 120 тұрғыны жақын маңда орналасқан №2 қалалық орта мектепке эвакуацияланды. Қазір олармен психологтар жұмыс істеуде. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Облыстық ардагерлер кеңесі мен Петропавл қалалық әкімдігі баспанасыз қалған халыққа көмектесу мақсатында банктен есепшот ашып, қаражат жинауды бастады. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары