Бірқатар британдық БАҚ сиырды кранмен көтерген елордалық құрылысшылар туралы жазды
Daily Mail және English Headline бұл әрекетті «Борат-2» фильміндегі көрініспен салыстырды
Бірқатар британдық БАҚ-та Нұр-Сұлтанда салынып жатқан ғимараттың төбесіне сиырды құрылыс кранымен көтерген әрекет туралы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
15 ақпанда Нәжімеденов көшесінде салынып жатқан үйдің ең жоғарғы қабатына сиырды тірідей кранмен көтерген болатын. Оны қарама-қарсы үйдегі куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратты.
Бұл оқиға туралы бірнеше британдық БАҚ-та да жазрияланды. Сонымен, Daily Mail және English Headline бұл әрекетті «Борат-2» фильміндегі көрініспен салыстырды. Daily Mail-де жарияланған мақала авторы салынып жатқан нысанның бастығы Олжас Есеналиннің жақсы маман таба алмағандықтан, құрбандық шалу рәсімін өткізуді ұйғарды деп әзілдеді.
Tech Gate порталы құрылыс бригадасының жақсы ниеті болғанын, құрбандыққа шалынған сиыр етін мұқтаж жандарға таратып бермек болғанын жазды.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға 15 ақпанда сағат 11:30-да елордадағы Нәжімеденов көшесінде салынып жатқан құрылыс алаңында болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) сиырды төбеге көтерген құрылысшыларды мал сою кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптарды бұзғаны үшін жазалануы мүмкін деп хабарлады.
АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің инспекторлары 16 ақпанда оқиға орнына барып, тексерген. Объект басшысы Алматы ауданының полициясына жеткізілді. АШМ өкілдері заңбұзушыларға әкімшілік шаралар қолданылатынын түсіндірді.
Айта кету керек, қазақстандықтардың наразылығынан кейін салынып жатқан нысан учаскесінің бастығы олардың ниеті ақ болғанын мәлімдеді және осы оқиға үшін кешірім сұрады. Нұр-Сұлтан полициясы оның кешірім сұраған бейнесін жариялады.
«Бұл оқиғаға себепкерлердің бәрі анықталды. Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», - деп түсіндірді полицияда.