ШұғылКоронавирус пен КВИ пневмониясынан қайтыс болғандардың саны жарияланды

«Мимино»: Нұр-Сұлтанда сиырды кранмен көтерген құрылысшылардың әрекеті көпшіліктің ашуын туғызды

Құрылыс алаңына жауапты басшы көпшіліктен кешірім сұрады

Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Әлеуметтік желіде елордадағы құрылыс алаңдарының бірінде жұмысшылар сиырды тірілей кранмен көтерген видео тарады. Желіде жарияланған видео қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырды.

Желіде тараған видеоға пікір білдірушілер малды (сиыр – ред.) сою үшін осындай биіктікке көтерген деген жорамал жасады. Көпшілік бұл әрекетті жабайылыққа балап жазып жатыр. Тіпті, желі қолданушыларының бірі бұл әрекетті атақты «Мимино» фильміндегі жағдаймен (сиырды тікұшақпен көтеретін сәт) салыстырды.

Ал, Нұр-Сұлтан полиция департаменті бұл факті бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Елорда полициясы бұл оқиға 15 ақпанда Нәжімеденов көшесіндегі үйдің соңғы қабатында, салынып жатқан, құрылысы әлі аяқталмаған нысанында болғанын атап өтті.

«Оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін құқықтық баға беріледі. Тәртіп бұзушы жауапкершілікке тартылады», - деп түсіндірді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Көп ұзамай, сиырды кранмен көтерген құрылыс алаңына жауапты басшы көпшіліктен кешірім сұрады.

«Мен құрылыс жүріп жатқан, аталған оқиға болған учаскенің басшысымын. Аталған жайт бойынша көпшіліктен кешірім сұраймын. Мақсатымыз – құрбандық шалып, мұқтаж адамдарға тарату болатын…. Мен осы оқиға үшін тағы да ел азаматтарынан кешірім сұраймын», - деген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан видеода.