Қызылордада үй өртеніп, нәресте көз жұмды
Өрт түнгі сағат 01:00 шамасында болған
Қызылорда қаласында үйлердің бірінде өрт шығып, алты айлық нәрестенің өмірін жалмады. 5 баланың анасы бір қызын терезеден шығарып үлгерген, деп хабарлайды “Астана” телеарнасы.
Өрт түнгі сағат 01:00 шамасында болған. Үйде 27 жастағы анасы, бес қызымен ұйықтап жатқан. Ал күйеуі жұмыс барасымен іссапарға кеткен.
Көршілердің айтуынша, өртті байқап сыртқа шыққанда, әйел адам төрт баласын терезеден шығарып үлгеріпті. Бірақ бесіктегі бөбегіне көмек бере алмаған.
"Біз шықанда өрт өршіп кетіпті. Бес қызы, күйеуі бар келіншек еді. Тапқандарын сол жалдаған үйлеріне төлеп, күн көріп отырған отбасы. Төрт баласын алып шығып үлгерген. Біреуін шығара алмапты. Іште қалған алты айлық бала бесікте жатқан. Сол бесікті алуға шамасы келмей қалған",- деді көршісі Гүлзат Мерейова.
Бүгінде анасы мен кішкентай қыздар дәрігерлер бақылауында. Дәрігерлердің сөзінше, қауіп жоқ. Дегенмен улану дерегі бар. Ал әйелдің сол жақ білегі мен екі алақаны күйіп қалған.
"Анасында таңертең жүйке-жүйесінде өзгерістер болды. Қазіргі уақытта жағдайы қанағаттанарлық. Төрт бала 7, 8, 5 және 2 жастағы балалар, ішіндегі бес жасар баланың оң жақ тобығында екінші дәрежелі күйік анықталды. Бірақ, қазір жағдайлары қанағаттанарлық", - деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибізада Дүйсенбаева.
Бұл отбасы шағын баспананы жалдап тұрған. Көп балалы ретінде қала әкімдігінде үш жылдан бері пәтер кезегінде тұр. Әкімдік мәліметінше, қазір тізімде 1230-шы болып тұр. Дегенмен шенділер қазіргі жағдайға байланысты уақытша баспанамен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр. Өртке оранған үйді де қалпына келтіретінін атап өтті.
"Заңға сәйкес біз 6 айға дейін үй жалдап беруге дайынбыз. Одан бөлек, үйін қалпына келтіру мақсатында қаланың белсенді меценаттарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар да көмектесуге дайын. Одан бөлек, қаржы, азық-түлік, киім-кешекпен көмектесу шараларын қарастырып отырмыз",- деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев.
Бұл оқиға қызылордалықтарды да бей-жай қалдырмады. Қазір қоғам белсендірлері әлеуметтік желілер арқылы қаржы жинауды бастады. Ал өрттің неден шыққандығы әзірге белгісіз. Мамандар, электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.