Нұр-Сұлтанда ер адам мас күйінде экскаваторды ұрлап кеткен
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды
Нұр-Сұлтанда ер адам ішімдікке тойып алып, экскаваторды ұрлап кеткен. Ол елорда көшелерінің бірінде жолдың ортасына тоқтап, экскаватардың басын айналдырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оқиға елорданың Нұрлы жол вокзалы ауданында болған.
Нұр-Сұлтан полициясы берген мәлімет бойынша, кабинада ұйықтап жатқан жүргізуші мен экскватор туралы хабар оларға таңғы 5-те түскен. Қызметкерлер көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстады.
«30 жастағы ер адам жағдайды анықтау үшін аумақтық полиция басқармасына жеткізілді. Оның көлікті мас күйінде айдап кеткені анықталды»,-деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Кінәлі азаматтың өзі экскаваторшы болып жұмыс істейтіні және Нұр-Сұлтанға Қарағандыдан келгені белгілі болды.
«Досына қонаққа келіп, ішкен. Мас күйінде көшеге шыққан ол жақын жерде тұрған экскаваторды көреді де оны айдап кетеді. Көліктің есіктері ашық, кілті ішінде болған. Экскаваторды оталдырып, жолға шыққан. Әрі қарай не істегенін түсіндіре алмады, полиция келгенде ғана оянды», - деп атап өтті департаменттегілер.
Экскаватордың иесі құрылыс объектісінің жанындағы автотұраққа көлікті қойып кеткен. Ал көлігінің жоғалғаны туралы полицейлерден білді. Құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 200-бабы («Айдап әкету») бойынша қылмыстық іс қозғады.