$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.02.2021, 16:53
Оқиғалар

Павлодар облысында қайнысын өлтірен көпбалалы анаға қатысты сот үкімі шықты

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ

Павлодар облысында қайнысын өлтірен көпбалалы анаға қатысты сот үкімі шықты
көрнекі фото

Былтыр қыркүйек айында Павлодар ауданына қарасты Жаңақала ауылының 40 жастағы тұрғыны ас үйде сарымсақ турап отырғанда оны мас күйдегі қайнысы (күйеуінің інісі – ред.) қорлап, шапалақпен тартып жіберген. Сонда әйел қолындағы пышақты оның жүрек тұсына сұғып, ер адам қайтыс болған.

Осы оқиғадан кейін әйел полиция бөліміне жеткізіліп, оның орташа дәрежеде мас екені анықталған. Бұл жағдай оның кінәсін одан сайын ауырлатқан. Сараптама қорытындысы бойынша, әйелдің бойынан дене жарақаты анықталмаған. Бұл туралы облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.

Ауыл тұрғынының кінәсі сот отырысында зерттелген дәлелдемелермен толық расталған.

«Сот әйелдердің қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылуын, кішкентай алты баласының болуын және күнделікті өмірде жағымды мінезін жеңілдететін жағдай ретінде таныды. Қылмыстық кодекстің 99-бабы бірінші бөлігінің санкциясы 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Сотта прокурор 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.

Кісі өлтірді деп айыпталған көпбалалы ананың ауылдастары оның сабырлы және мейірімді әйел екенін айтады. Көршілері оның туысын арнайы өлтірді дегенге сенбейді.

«Ешқашан қандай да бір мәселе болған емес. Бір үйде күйеуі мен балалары, қайын енесі, күйеуінің інісі тұрды. Күйеуі әрдайым жұмыста болған, ал інісі ішіп алып, оны ренжіткен», - дейді Григорьевка ауылдық округінің әкімі Виталий Бруцкий.

Серіктес жаңалықтары