Алматы облысының тұрғыны жанжал кезінде туысын өлтіріп алған
Ер адамның мәйіті жанар-жағармай бекеті маңынан табылды
Алматы облысының Талғар ауданында туыстар арасындағы түсінбеушілік адам өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тұздыбастау ауылындағы жанар-жағармай бекеті аумағында ер адамның мәйіті табылған. Тәртіп сақшылары қайтыс болған адамның Байбұлақ ауылының 48 жастағы тұрғыны екенін анықтаған. Жедел анықтау шаралары барысында 29 жастағы жігіт ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу құпиялылығына байланысты таратылмайды»,- деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында күдікті қылмыс жасағанын толығымен мойындаған. Оның қайтыс болған ер адамға жақын туыс екені анықталды. Туысымен сөзге келіспей қалған ол ашуға бой алдырып, қолындағы пышақпен дене жарақатын салғаны белгілі болды.