Лондон көпіріндегі шабуыл: күдікті бұрын терроризм әрекеті бойынша сотталған
Жұма күні Лондон көпірінде жүргіншілерге пышақпен шабуыл жасаған күдікті бұрын сотталған болып шықты
Жұма күні Лондон көпірінде жүргіншілерге пышақпен шабуыл жасаған күдікті бұрын сотталған болып шықты. Ол терроризм әрекетіне қатысты қылмысы бойынша жазасын өтеген екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy bbc.com сайтына сілтеме жасай отырып.
Полиция күдіктінің 28 жастағы Усман Хан екенін, оның 2012 жылы сотталып, 2018 жылы желтоқсан айында шартты мерзіммен бостандыққа шыққанын анықтады.
Айта кетсек, жұма күні Лондон орталығында күдіктінің жүргіншілерге пышақпен шабуыл жасауы салдарынан бірнеше адам жараланып, екі адам алған жарақатынан көз жұмған болатын. Шабуыл жасаушыны арнайы жасақ сарбаздары атып өлтірді. Оның денесінен жарылғыш құрылғының муляжы табылған.
Британдық полицияның терроризмге қарсы бөлімшесінің басшысы Нил Басудың мәліметінше, шабуыл жасаушының неліктен ондай әрекетке барғаны әлі белгісіз, дегенмен, полиция болған оқиғаны терракт деп қарастырып отыр.
Шабуыл орын алған Лондон-бридж көпірі британдықтар астанасының қаржы әрі туристік орталығы саналады. Екі жыл бұрын дәл сол жерде жасалған ірі терракт салдарынан 8 адам қаза тауып, елуге жуық адам жараланған болатын.