ШҚО-да туристердің бірі қар көшкінінен қаза тапты

ТЖД бірнеше күн бойы қар көшкіні болатыны жайлы ескерту жасаған

10 ақпанда облыс орталығынан келген алты саяхатшы Риддер қаласында Үлбі өзенінің маңайындағы Сержиха тауында сырғанап жүрген. Кенет тауда қар көшкіні жүріп, демалыста жүргендердің бірін қар басып қалды.

Оқиға орнына құрамында 5 адам бар Еврокоптер-145 тікұшағымен облыстық ТЖД қызметкерлері шыққан. Сағат 16:23-те күннің бұлтты, боран болуына байланысты қонуға мәжбүр болған. Сол уақытта саяхатшылар байланысқа шығып, қар астында қалған 42 жастағы ер адамның денесің алып шыққанын хабарлаған.

Саяхатшылар тұрған орнының нақты координатын беріп, ол жерге құтқарушылар мен волонтерлар қарда жүретін арнайы техникамен жетті. Алайда, күннің батуы, қар жабынының биіктігі, ауа райының қолайсыздығы сияқты факторлар құтқарушылардың жұмысын қиындатқан.

11 ақпанда 8 волонтер, 2 құтқарушы, 1 криминалдық полициядан құралған арнайы топ және 3 саяхатшы қаза тапқан адамның денесін түсіру үшін тауға шыққан.

ШҚО ТЖД құтқарушылары тұрғындарға бірнеше күн қатарынан тауда көшкін қаупі туралы ескерту жасаған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.