ШұғылЕлімізде коронавирустан жазылғандар саны 196 мыңнан асты

Павлодар облысында қарлы боранда адасып кеткен тұрғын табылды

Ол жеңіл көлікпен жолдың шетіне шығып кетіп, қар құрсауында қалған

 

Іздеу жұмыстары Ақтоғай ауданы Ақжол ауылдық округінің Барлыбай, Разумовка ауылдарына жақын жерде жүргізілді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

«8 ақпан күні 22 сағат 46 минутта Павлодар облысы ТЖ департаментінің «112» пультіне ауыл тұрғыны күйеуінің сол күні 15 сағат 20 минутта Ақтоғай ауданының Барлыбай ауылына дала жолымен Екібастұз қаласынан «Нива» жеңіл автокөлігімен шыққанын және әлі жетпегенін хабарлады. Күйеуімен байланыс жоғалтып алған. Ақтоғай ауданының ТЖ бөлімінің қызметкерлері № 15 өрт сөндіру бөлімі мен учаскелік полиция бекетімен бірлесе отырып,  ең жақын елдімекендерге, Басқамыс, Қарақоға, Разумовка, Шұға ауылдарына, Ақжол ауылдық округіне іздеуге шықты», - дейді департаментте.

Елдімекендерден адамдар жіберілген, алайда олар қатты боран соғып тұрған соң ауа райының қолайсыздығынан  шыға алмаған. Одан әрі құтқарушылар 6 адамнан тұратын іздеу тобын ұйымдастырып, түнгі 00 сағат 19 минутта іздеуге шыққан.

Іздеу тобы 1983 жылы туған азаматты 01 сағат 40 минутта Ақтоғай ауданы Ақжол ауылдық округінің Разумовка ауылынан 37 шақырым жерде анықтады. Ол жеңіл көлікпен жолдың шетіне шығып кетіп, көліктің ішінде болған. Медициналық көмек қажет етпеді және дене жарақатын алмаған.

ТЖ бөлімінің және № 15 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері  автокөлікті жол жиегінен қолмен эвакуациялады. Жол жүру барысында өрт сөндірушілермен бірге аталған азамат тағы да жолдан шығып кетіп, қар құрсауынан қайта шығарылды. Разумовка ауылына келгеннен кейін ер адам Ақтоғай ауданының  учаскелік полиция бөліміне тапсырылды.