«Балаларым әкелерін әлі күтіп жүр»: Шамалғандағы апатта қаза тапқан автобус жүргізушісінің әйелі
Қазір әкесіз қалған 4 бала нағашыларының қолында
Шамалғандағы апаттан қаза тапқан автобус жүргізушісінің әйелі Лейла Жарылғасова елді елең еткізген шулы оқиғаға қатысты жүріп жатқан тергеумен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оның айтуынша, апаттың кінәсін марқұм күйеуі Нұрғали Сорокубаның мойнына іліп қоймақ. Екі ай бұрын орын алған қанды оқиғаның әлегімен әлі тергеуге шақырылып жүрген Лейла Жарылғасова әкесіз қалған балаларының қазіргі жағдайын айтып берді.
Күйеуінің жетісін өткізген соң Жарылғасова 4 баласын алып төркініне кеткен. Қазір балалары нағашыларының қарауында екен. Айтуынша, осы уақытқа дейін өзі тергеуге күдіктінің өкілі ретінде шақырылған.
«Біз де күдікті болдық. Күдіктінің өкілі ретінде қазір де тергеуге шақырды. «Менің марқұм күйеуім неге күдікті болуы керек» деп қарсы шықтым. Кінәнің бәрін менің күйеуімнің мойнына іліп қоймақ. Олай болса сол күнгі камералардың жазбасын шығарсын. Полиция бөлімі камера «өшіп» тұрған дейді. ҚТЖ жарық өшпеген, камера істеп тұрған дейді. Қайсысына сенерімді білмеймін. Камера сол күні жұмыс істеген, олар ақпаратты жасырып отыр. Өзім адвокатты кеше ғана жалдадым», - деді Жарылғасова.
Ол екі ай бойы тергеуге қатысудан бөлек, жәрдемақы алуға қажетті құжаттармен жүргенін де айтты. АӘК пен «асыраушысынан айырылғаны» туралы құжаттарды рәсімдеп, өткен айда алғашқы жәрдемақыны алдым деді.
Ал, Шамалған стансасындағы күдікті ретінде танылған кезекшіден 9 миллион теңге сұрады деген ақпаратты теріске шығарды. Дегенмен, алдағы уақытта материалдық және моральдық өтемақы талап ететінін жасырмады.
«Балаларым әкесін сұрайды, жылайды. Не істеймін енді?! Балаларымның ата-апасы «әкелерің енді келмейді» деп жұбатады. Үлкен балам 17 жаста, ең кенжеміз 4 жаста. Әсіресе 9 жастағы қызым әкесін іздеп кешке қарай қатты жылайды. Папасының суретін жанынан тастамайды, кітаптың ішіне салып бірге алып жүреді», - деді марқұмның жесірі Лейла Жарылғасова.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы